A- A A+
2017 жылғы 30 тамыздағы «МТРА жаңалықтары» қорытынды ақпараттық бағдарламасы

— Конституция күні мерекесін петропавлдықтар бар сән-салтанатымен атап өтуде. Орталық алаңда «Салт-дәстүр» фестивалі өтіп жатыр. Шараға аудандардан келген этномәдени бірлестіктер мен шеберлер атсалысуда.

Орталық алаңда халықтың қарасы қалың. Көбі отбасымен келіпті. Адамдардың жүзі жадыраңқы.

— Мерекенің лебі сезілуде. Түрлі этностардың салт-дәстүрлері дәріптелуде. Барлығы ұнап жатыр.

— Еліміз өркендей берсін. Келешегіміз жарқын болсын.

Келушілердің назарына өңір өнерпаздары концерт ұсынды. Күміс көмей әншілер мен қолдарына домбыра, прима қобыз, скрипка ұстаған музыканттар Есіл өзені бойында орын тепкен шаһарымызды әсем әуенге бөледі.

Көптің арасынан еңбек ардагері Владимир Тимошинді кезіктіріп сөзге тарттық. Қария Қазақстан қалаларын аралап, аймақтардағы халықтың тұрмысын зерттегенді ұнатады екен. Жақында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып келіпті. Мол әсерімен бөлісті. Көпті көрген қария елдің бүгінгі даму қарқыны мен беталысына жақсы бағасын берді. Келешек ұрпаққа деген үміті зор.

Владимир Тимошин — тыл және еңбек ардагері:

— Конституция мерекесі — еркіндіктің мерекесі. Адамдардың көңіл-күйлері жақсы. Баршасына бақыт тілеймін.

Орталық алаңға екі киіз үй тігіліп, жандарына шатырлар қойылған. Аудан шеберлері келушілердің назарына сәндік-қолданбалы қолөнер туындыларын ұсынуда. Мейрам Рыспаев — сан қырлы азамат. Саятшылық жасап, аң аулайды. Арқан, қамшы өруді кәсіп етеді. Соңғы жылдары ел арасында қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық ойыны — Ләңгіні дәріптеп жүр.

Мейрам Рыспаев — қолөнер шебері, М. Жұмабаев ауданы:

— Мына бұйым қой терісінен жасалады. Оның ортасынан қалыңдау қорғасын құймасы орнатылады. Ләңгіні етікпен ойнау керек.

Ләңгі ойынын, міне, былай ойнайды.

Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына саз балқыштан қыш құмыралардың жасалу үрдісі көрсетілді. Темірден түйін түйгендер мен он саусағынан бал тамған ісмерлер де осында. Вера Имашбаева 10 жылдан артық киізді көркем өңдеу өнерімен айналысып келеді. Нәзік жандының туындылары Қазақстан, Ресей, Германия, Швеция, АҚШ-тың жеке коллекциялар құрамында сақтаулы.

Вера Имашбаева — киіз басу өнерінің шебері:

— Мен осы іспен 10 жылдан артық айналысамын. Сырмақ, текеметтерден бөлек киізден мынадай қамзолдар жасаймын. Ол өте жылы. Киіп жүруге ыңғайлы. Адамның дене температурысын бірқалыпта сақтайды.

Сахнада беташар және тұсау кесер рәсімдері көрсетілді. Аққайың ауданынан келген әжейлер тұсауы кесілген бүлдіршінге бата берді.

Өзге ұлт өкілдері де қарап қалмады. Түркі тілдес халықтар мен славяндар келушілерді әнмен қарсы алып, ұлттық асханаларынан дәм татырды.

Мәдени бірлестіктер мен шеберлердің жұмысын Ассамблея мүшелерінен құралған арнайы коммиссия бағалады. Ерекше еңбек иелері ақшалай сыйлық ақымен марапатталды.

Эльмира Сәдуақасова — тілші:

— Конституция күні — біздің еліміз бен халқымыз үшін ұлы мерекелердің бірі. Міне, Ата Заңымыздың қабылданып, қолданысқа енгеніне биыл 22 жыл толып отыр. Бұл айтулы күнді солтүстікқазақстандықтар бар сән-салтанатымен атап өтуде. Теріскейліктер үшін мерекелік концерттен бөлек, түрлі ойын-сауық бағдарламалары дайындалған.

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» мен «Тәукенің Жеті жарғысы». Тарихтық қай кезеңін алып қарасаң да қазақ халқының өз азаматтарының құқығын қорғайтын құжаты болған. Бүгінде ол — біздің Конституциямыз. «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінің ұжымы әзірлеген бұрышынан бұрынғы заңдар жинағы мен бүгінгінің тарихымен танысуға болады.

Жанар Мұхамедрахимова — «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешенінің тарихи бөлім меңгерушісі:

— Көрмеде еліміздің жетістіктері мен соңғы жылдарда орын алған елеулі оқиғалары бар. Бұл — яғни, «Экспо-2017» көрмесі, Универсиада мен Шанхай ұйымының бас қосу жиыны.

«Біз оқимыз-қала оқиды!» Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әзірлеген шарасы тіптен қызық. Олар бүгін көрмеге түрлі кітаптардың 50-ін әкеліпті. Әлем әдебиетіне қызығатын оқырмандары оларды әп-сәтте-ақ бөлісіп алды.

Майра Сәбиева — Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы бөлім меңгерушісі:

— Кітапхана ұжымымен бүгін балаларға түрлі шаралар ұйымдастырдық. Ал, шахмат пен дойбы ойнап, елімізге байланысты сұрақтарға жауап бергендерге сыйлықтар дайындадық.

Өз бағын сынап көрушілердің қатарында 8 жастағы Мерей Ахметжанова да бар. Жеткіншек қойылған сауалдардың барлығына еш жаңылмастан жауап беруде.

Мерей Ахметжанова:

— Викторинаға қатыстым. Маған Ту мен Елтаңбаға байланысты сұрақтар қойды. Соларға жауап беріп, мынадай кітаптарға ие болдым.

Бәйтерек монументі, Нұр Әлем сферасы мен жел генераторлары. Бұл — «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне арналған туындылар. Жас қылқалам шеберлері төрткүл дүние назарын өзіне аудартқан тарихи оқиғаны дәл осылай бейнелеген. Бұл жерде 70 суреттің ішінен таңдап алынған ең үздік отызы жұртшылық назарына ұсынылған. Ал, бүлдіршіндер үшін облыстық қуыршақ театры «Оранжевый ежик» спектаклін әзірлепті.

Қойылымды тамашалауға ондаған бөбек пен ата-аналар жиылды. Олар кірпінің достарымен бірге бастан өткерген оқиғаларын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Елеулі мейрамды солтүстікқазақстандықтардан бөлек, шетел азаматтары да атап өтуде. Михаил Матинскийдің жұбайымен Германия еліне қоныс аударғандарына 30 жылдай болыпты. Алайда, туып өскен жерімізді еш ұмыт қалдырған емеспіз дейді.

Михаил Матинский — ГФР азаматы:

— Биыл осы мейрамға арнайы келуді жоспарлаған едік. Енді, міне, туған шаһарымызда отбасыммен бірге мерекені тойлау үстіндемін. Қалаға келген сайын түрлі өзгерістерді байқаймын. Петропавл гүлденіп, ажарланып келеді.

Ата Заң — еліміздің бүгіні мен келешегінің кепілі. 22 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің еліміздің дамуына жол ашып, нығаюына себеп болды. Сондықтан, да бүгінгі күннің маңызы ерекше.

— Мереке құтты болсын! Әрқашан тыныштық пен жақсылық болсын.

— Мейрамымыз қайырлы болып, келесі айтулы күнге дейін аман-есен жеткізуге жазсын.

Қазақстан Конституциясы күніне орай Есіл ауданында бірқатар нысандар қолданысқа берілді.

Қазақстан Конституциясы күніне орай Есіл ауданында бірқатар нысандар қолданысқа берілді. Солардың бірі — Стрельниковка ауылындағы медициналық пункт. Емдеу орны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Атамекен» жобасы бойынша ашылып отыр.

Мұратбек Әбішев — Есіл ауданының әкімі:

— Бұл ауыл тұрғындары үшін айшықты оқиға болмақ. Өйткені, адамның денсаулығы мен өмірінен маңызды еш нәрсе жоқ. Оған Елбасымыз да ерекше көңіл бөледі. Кәсіпкерлер де барынша қаржылық қолдау көрсетіп жатыр. Соның бір айғағы — осы ашылып отырған медициналық пункт. Осыған дейін нысан «Московский» серіктестігіне тиесілі еді. Кейін оны жөндеп, қалыпқа келтіруге, жаңа қондырғылар алуға кәсіпорын басшысы Николай Коняхин қаржы бөлді. 

Әлеуметтік нысанның ашылуына орай аудан басшысы компьютер сыйға тартты. Жалпы елді мекенде 222 адам тұрмыс кешеді. Осыған дейін олар суық әрі сиқы кеткен мекемеде медициналық көмек алып келген еді. Енді, олардың қуанышына орай мұнда жайлы нысан пайда болды. Кең, жарық жерде науқастарды қабылдауға 30 жылдық тәжірибесі бар Владимир Иващенко да әзір.

Владимир Иващенко — Стрельниковка ауылының медициналық пунктінің фельдшері, Есіл ауданы:

— Көбіне көмекке диспансерлік есепте тұрған науқастар жүгінеді. Соларды қараймыз, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Ал, егер ауыр жағдайлар болса, онда науқастарды аудандық ауруханаға жөнелтеміз. Мұнда қабылдау жүргізуге бар жағдайлар жасалған.

Ал, Ясновка ауылында 70 орынға шақталған дәмхана ашылды. Бұрын «Московский» серіктестігінің асханасы болған нысанда ауқымды жөндеу жұмыстары жасалыпты. Тағы қажетті қондырғылар мен жиһаз алынған. Соған кәсіпорын басшысы 15 млн теңге қаржы жұмсапты. Дәмханада 3 адам еңбек етеді. Алдағы уақтта жұмысшылардың саны артатын болады. Өйткені, мұнда наубайхана мен бөлшектеп өңдеу цехі пайда болмақ. Жалпы, Ясновка селолық округының кәсіпкерлері халық алдындағы әлеуметтік жуапкершілікті жақсы түсінеді. Олар елді мекендерді аббаттандыру шараларына қатысып, тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша ат салысуда. Биыл мұндағы 4 ауыл шаруашылығы құрылымы бірігіп мәдениет үйінің шатырын жөндеуге қаржы бөлген. Оған 1 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Ал, келесі іске қосылған қондырғы егін егумен айналысатын аграрийлерге өте қажетті. Әсіресе, орақ науқаны қызған шақта астық кептіргіш кешенің пайдасы мол болмақ.

Кешенді алуға «Московский» серіктестігі 27 млн теңгеден астам қаржы жұмсапты. Мұнда екі адам жұмыс істейтін болады. Ресейлік қондырғы күніне 200 тонна астықты кептіруге қауқарлы. Бірақ, әзірге, олар құрылғыны пайдаланып жатқан жоқ. Өйткені, алқаптағы нанның ылғалдылығы 14 пайызды құрап отыр. Сондықтан, ол кептіруді қажет етпейді дейді кәсіпорының бас агрономы Василий Чернышов.

Василий Чернышов — «Московский» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:

— Біздер биыл 9 мың гектардан астам жерге дән сіңірдік. Соның жартысынан астамына бидай себілсе, 1500 гектарға — арпа, 1700 гектарына —майлы дақылдар және 250 гектарға сұлы ектік. Биыл астықтың шығымдылығы жаман емес. Былтырғымен салыстырғанда ылғалдылығы да жақсы. Кептірудің қажеті жоқ.

Ал, мынау — Бірлік ауылы. Бүгіндері мұнда 40 үй түтін түтетіп отыр. Халқы көшіп, мектебі жабылып қалған елді мекенің бір кездері жағдайы мәз емес еді. Оралмандар мен түстіктен көшіп келген ағайындардың арқасында былтыр мұнда білім ұясы жұмысын бастап, ауыл тамырына қайтадан қан жүгіргендей болды. Ал, биыл сол бастауыш мектеп жанынан шағын орталық ашылып отыр. Онда, әзірге, 7 бала білім мен тәрбие алмақ.

Асқар Мұхамедқан — Бірлік ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

— Біз Қытайдан көшіп келгелі 2 ай болды. Мұнда барлық жайғдайларымызды жасап жатыр. Балам осы балабақшаға барады. Шөп, отындарын беріп жатыр.

Ауыл тұрғындары өте белсенді. Ауданда өтетін барлық шараларға қатысатын көрінеді. Олар қолөнерден де кенде емес. Оюлап көрпе, жастықтар тігіп, жүннен алашалар басады.

Оралбек Қоңқабаев — Петровка селолық округының әкімі, Есіл ауданы:

— Бүгінгі күні ел жанданып бізге 12 отбасы Қытай мен Оңтүстіктен келді. Бүгінгі күні Бірлік ауылының тұрғындары, оралмандар мал шаруашылығын дамытып, қолөнермен айналысуда.

Айта кету керек, бүгіндері Бірлік ауылына кіре беріс 1,5 шақырым жол жөнделіп жатыр.

Ақбөпе Тәңірберген:

— Петропавлдық жастар ҚР Конституциясы күнін ерекше атап өтуде. Қыз-жігіттер бұл жерге ұлттық билер орындап, аспаптарда ойнап, әуелетіп ән шырқауға жиылған жоқ. Бұл — «Петрофест» көше субмәдениеті фестивалі. Мұндағылар спорттың — ВМХ, воркауд, өнердің — рэп, брегдэнс дейтін түрлерін меңгерген.

Бұл — «Electrobeatz» би тобы. 17-18 жастағы жігіттер Петропавлда көше субмәдениетін дамытып-ақ жүр. Олар күнде кешкісін ҚР Конституциясы көшесіне шығып серуендеп жүрген жұртшылық үшін брекдэнс билейді. Бүгін бұл сахнада мұндай 11 топ өнер көрсетеді. Көше биіне әуес өнерпаздардан кейін сахна заманауи жыраулардың иелігіне өтті. Рэперлер қоғамдағы түрлі мәселелерді өлең етіп жазып, музыкамен айтып жүр. Петропавлда олардың саны саусақпен санарлық.

Шаһарда граффити өнерімен айналысатындар да көп емес екен. Станислав Алерттің мына туындысын салып жатқанына бір жарым сағат болды. Замануи суретші «Қала көшелерінде ешбір қабырғаны шимайлап, бояу жаққан емеспін» дейді. Себебі, рұқсатсыз граффити бізде вандализмге жатады. Сондықтан, Станислав, әзірге, мынадай үлкен тақталарға ғана сурет салуға мәжбүр.

Станислав Алерт, граффити шебері:

— Адамдарды салғанды ұнаматамын. Бірнеше күн бұрын түсімде маған Куртка Бэйн келіп, әсем сурет салуды тоқтаттың ғой, өзіңді қолға ал деді. Мен оған Петропавлда фестиваль өтеді, сенің бейнеңді саламын дедім. Кейін екеуіміздің әңгімемізге Честер Беннингтон килікті. Ол — менің сүйікті әншім. Бүгін, міне, сол екеуін салып жатырмын.

Иә, өнер адамын түсіну оңай емес. Егер ол көше мәдениетіне әуес болса, бұл, тіпті, қиын екен. Біріне түсінде аян берілсе, келесісі шабытын өзге жақтан іздейді. Қатты музыка, кілт бұрылыстар мен күрделі қимылдар. Сырт келбеттері де ішкі жан дүниесі мен өнерлеріне сай болуы маңызды. Көпшілік назары воркаутшыларға ауды.

ВМХ шеберлері велосипедпен жасалатын түрлі трюктарды көрсетіп таң қалдырды.

Азамат Шаймерденов, СҚО бойынша «Болашақ» КҚ директорының орынбасары:

— Шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырдық. Мақсат — Петропавлдағы көше биі мен спорт түрлеріне әуес жастардың басын қосу. Ешкім баулымай, өз беттерімен жаттығып жүрген қыз-жігіттерді анықтап, арасындағы үздігін республикалық фестивальдерге жібергіміз келеді. Әлеуметтік желілер арқылы іздеп, бүгінгі шараға шақырдық. Нәтижесінде 100-ден артық қыз-жігіт келіп отыр.

ҚР Конституциясы күнінде концерт көруге келдік деп жиылған үлкен-кішінің барлығы жастардың ырғағына қосылып, бірге билеп көңіл көтеруде. Тұрғындар ауқымды шараның ұнағанын айтып, бір-бірін мемлекеттік мерекемен құттықтап жатты.

Ақпарат көзі: http://mtrk.kz/

2017 жылғы 30 тамыздағы «МТРА жаңалықтары» қорытынды ақпараттық бағдарламасы 2017 жылғы 30 тамыздағы «МТРА жаңалықтары» қорытынды ақпараттық бағдарламасы 2017 жылғы 30 тамыздағы «МТРА жаңалықтары» қорытынды ақпараттық бағдарламасы
Мақаланың шыққан күні 29.08.2017
Қаралым саны: 359
Сұрақ қою Өмiрбаян Сөз сөйлеулер

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Іргебайұлы Ақсақалов

Қыркүйек 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
Әкімнің блогы
МО басшыларына сұрақ қою
Халықтық бақылау

Біздің аймақтағы тұрмыстың қай саласы өзінің дамуына мұқтаж?

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыҚазақстан Республикасының Премьер-Министрі Официальный ресурсАссамблея народов КазахстанаСтратегия Казахстан 2050Дорожная карта«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»EXPOҚазақстан Республикасы Жоғарғы СотыҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіҚазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынадыҚазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің деректер базасыtrade.gov.kzӘкімдіктің электрондық қызметтеріortcom.kzАлтын сапаМодернизация пенсионной системыЦели 2017Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіЗащита бизнеса СКОЦентр оценки эффективности деятельности государственных органов Республики Казахстан  Зимняя Универсиада – 2017ҚР инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетіҚазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығыСот кабинеті«Қазақстан — ұлы дала елі»Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан — «Атамекен»«Жұмыс»БжЗқ зейнетақы қорыkazakhstan.travelwww.business.gov.kzIfk.kzказконтентДоступное жильё 2020www.kdb.kzҚазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығыGalam TV Ұлттық телерадио хабарларын таратуТелерадиохабар тарату саласындағы ұлттық операторыБәсекеге кабілеттілік жөніндегі кеңесҚазақстан-Петропавл«ШАПАҒАТ» республикалық форумыҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы100 жаңа есім
ТИЦ

@2017 Солтүстiк Қазақстан облысының ресми интернет-ресурсы