A- A A+
Мемлекеттiк қызмет туралы

Мемлекеттiк қызмет туралы
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi N 453 Заңы

1-тарау. Жалпы ережелер

2-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық жағдайы

3-тарау. Мемлекеттiк қызметке кiру

4-тарау. Мемлекеттiк қызмет өткеру және қызметтiк мансап

4-1-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы

5-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердi қамсыздандыру

6-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы

7-тарау. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдарды бұзу үшiн жауаптылық

8-тарау. Қорытынды ережелер

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) «А» корпусы — Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын кадр резервiне iрiктеудiң, конкурстық iрiктеудiң, мемлекеттiк қызметтi өткеру мен оны тоқтатудың ерекше тәртiбi, сондай-ақ арнайы бiлiктiлiк талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;

2) ауысу — мемлекеттiк қызметшiнi атқарып жүрген қызметiнен бiр мезгiлде босата отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оны бос не уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындау рәсiмi;

3) «Б» корпусы — «А» корпусына енгiзiлмеген мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;

4) бiлiктiлiк талаптары — мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға олардың кәсiптiк даярлық деңгейiн, бiлiктiлiгiн және нақты мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға сай келуiн айқындау мақсатында қойылатын талаптар;

5) лауазымды адам — билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;

6) лауазымдық өкiлеттiктер — мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген құқықтар мен мiндеттер;

7) мансаптық жоспарлау — «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң лауазымдық ауыстырылуы және кәсiби дамуы кезеңдерiн айқындауға бағдарланған процесс;

8) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi — Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметiн тұрақты кәсiби негiзде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;

9) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты — тиiстi бiлiктiлiк талаптары бар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;

10) мемлекеттiк қызмет — мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктердi атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi;

11) мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi — бос мемлекеттiк лауазымдарға орналасуға үмiткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қалыптастырылған жүйеленген тiзiмi;

12) мемлекеттiк қызметшi — мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;

13) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы — мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда, мемлекеттiк органдардың актiлерiнде белгiленген және жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларға негiзделген мiнез-құлық қағидалары;

14) мемлекеттiк лауазым — мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер және лауазымдық мiндеттер аясы жүктелген құрылымдық бiрлiгi;

15) мемлекеттiк саяси қызметшi — тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшi;

16) мүдделер қақтығысы — мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн тиiсiнше атқармауына әкеп соғуы мүмкiн болатын кездегi мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi мен оның лауазымдық өкiлеттiктерi арасындағы қайшылық;

17) ротация — осы Заңға сәйкес мансаптық жоспарлау шеңберiнде «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн олардың келiсiмiмен лауазымдық ауыстырулар;

18) тағылымдама — мемлекеттiк қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған адамдардың мемлекеттiк органдардың жолдамасы бойынша тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсiби бiлiм алуы мен тәжiрибе жинақтауы;

19) тәлiмгер — мемлекеттiк қызметке алғаш рет қабылданған адамға бекiтiлген, оның кәсiби даярлығына практикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк қызметшi;

20) уақытша бос мемлекеттiк лауазым — аталған лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшiнiң әлеуметтiк демалыста болуына, сондай-ақ ауыруы салдарынан, егер ауру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi екi айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзiмiн белгiлеуi мүмкiн ауру түрлерiнiң тiзбесiне енген болса, оның жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттiк лауазым.

Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2-бап. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар

Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар Конституциядан, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

3-бап. Мемлекеттiк қызметтiң принциптерi

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:

1) заңдылық;

2) қазақстандық патриотизм;

3) мемлекеттiк өкiметтiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;

4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;

5) жалпы қол жетiмдiлiк, яғни Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсiби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы;

6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;

7) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiлiктiлiгi;

8) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекке ақыны тең төлеу;

9) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төменгi мемлекеттiк органдардың қызметшiлерi үшiн мiндеттiлiгi;

10) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;

11) мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;

12) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;

13) мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк мiндеттерiн адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;

14) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;

15) мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделедi.

2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқарған кезде заңдардың талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

4-бап. Осы Заңның қолданылуы

1. Осы Заң барлық мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады, бұған Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заң актiлерiнде олар үшiн өзгедей құқықтық мәртебе белгiленген жағдайлар қосылмайды.

1-1. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдар тағайындайтын немесе сайланатын мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге қолданылады.

2. Мыналар:

1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдар мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды. Мұндай адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және оның ведомстволарының қызметшiлерi мен техникалық қызметшiлерi мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды.

Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

5-бап. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi

1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, оған мыналар:

1) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

2) мемлекеттiк қызметтi жүзеге асыру үшiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;

3) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу және бекiту;

4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық дерекқорды, оның iшiнде автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйенi) қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттiк қызметтiң кадр құрамы жай-күйiнiң және мемлекеттiк лауазымдардың мониторингiн жүргiзу;

4-1) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн қалыптастыру;

4-2) мемлекеттiк қызметшiлердi және мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеу тәртiбiн, бағдарламаларын айқындау, сондай-ақ тестiлеудi ұйымдастыру;

5) алынып тасталды — ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

6) осы Заңға сәйкес мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн, сондай-ақ актiлердi әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсыну;

7) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлер даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, оның iшiнде шетелдерде де, мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;

8) мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiру;

8-1) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн берiлген тәртiптiк жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға келiсiм беру;

9) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызмет саласындағы заңдарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

9-1) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ конкурстардың дұрыс өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

10-1) кандидаттың қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келуi бөлiгiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындауға келiсу;

10-2) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң лауазымдық нұсқаулығын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн айқындау;

10-3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсе отырып, мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы үлгiлiк ереженi бекiту;

11) мемлекеттiк органдардың осы Заңды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұза отырып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзу;

12) мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне жасалған шағымдарын қарау;

13) алынып тасталды — ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

14) мемлекеттiк қызмет мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу;

14-1) мемлекеттiк органдар көрсететiн қызметтердiң сапасын арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жүктеледi.

2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесiн уәкiлеттi орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер құрады.

Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.

2-1. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада тәртiптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

3. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.

Ескерту. 5-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08. N 75 (2-1-тармақтың күшi 2005 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi; қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); 2011.07.05 N 452-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiлетiн); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-бап. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi)

1. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) өз құзыретi шегiнде:

1) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасын орындауы жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;

2) тәртiптiк, аттестаттау, конкурстық және кадр мәселелерi жөнiндегi өзге де комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады;

3) аттестаттауды және конкурстық iрiктеудi жүргiзу, мемлекеттiк қызметшiлердi қызмет бойынша жоғарылату, мемлекеттiк қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту, мемлекеттiк қызметшiлердi қызметiнен босату рәсiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

4) кадрларды iрiктеудi ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi өткеруiне байланысты құжаттарды ресiмдейдi;

5) мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулердiң сақталуын қамтамасыз етедi;

6) мемлекеттiк қызметшiлердiң тағылымдамасын, тәлiмгерлiгiн, қызметiн бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу түрлерiн және оларды қолдану тәртiбiн әзiрлейдi;

7) мемлекеттiк қызметшiлердiң дербес деректерiн, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелерi туралы мәлiметтердi есепке алуды жүзеге асырады;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгiзiлмеген мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк органның басшысына тiкелей бағынады.

3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешiмiмен құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының шешiмiмен немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

2-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық жағдайы

7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарын сыныптау

1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кiредi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер үшiн лауазымдар санаттары белгiленедi. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер үшiн лауазымдар санаттары белгiленбейдi.

Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтары

Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) Республиканың азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;

2) өз өкiлеттiгi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;

3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;

4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн белгiленген тәртiппен меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдарда болуға;

5) басшыдан мемлекеттiк қызметшiнiң атқаратын лауазымына сәйкес қызметтiк өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл белгiлеудi талап етуге;

6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен көзқарас жасалуына;

7) өзi атқаратын лауазымға жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбегiне ақы төленуiне;

8) тиiстi бюджет қаражаты есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;

8-1) мемлекеттiк орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға немесе тағылымдамаға жiберген жағдайда жұмыс орнының (лауазымының) сақталуына;

9) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктеме беруге;

10) бiлiктiлiгi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескерiле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;

11) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;

11-1) өзiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына жеткiзген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;

12) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және жоғары өнiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi еңбек жағдайына;

13) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;

14) мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша босауға;

15) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;

16) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.

Ескерту. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

1. Мемлекеттiк қызметшiлер:

1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;

2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;

3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;

4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;

4-1) лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде бейтарап және саяси партиялардың, дiни және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болуға;

5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;

6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;

7) қызмет этикасы нормаларын сақтауға;

8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;

9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уақыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;

10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;

11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсатта пайдалануға;

12) алып тасталды — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

12-1) өздерiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздерi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;

13) қызметтiк мiндеттерiн тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;

14) оқуды аяқтағаннан кейiн өздерiн жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға жiберген мемлекеттiк органда, сондай-ақ мемлекеттiк қызметте тiкелей жұмысты өтеуге мiндеттi. Оқу және жұмысты өтеу мерзiмдерi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде айқындалады.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.

Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттiк органның басшысы немесе ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де адамдар бекiтедi.

Ескерту. 9-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 2011.07.05 N 452-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiлетiн); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

10-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

4) үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттiк органда өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;

6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттiк қызметшi қызметке кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде, осы адамға заңды түрде тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзiнiң меншiгiндегi үлестердi, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi мемлекеттiк қызметтi өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шартты нотариат куәландыруға тиiс. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) ұсынады. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердiң өздерiне тиесiлi облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенiмдi басқаруға бермеуiне болады.

Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлер тұрғын үйлерiн мүлiктiк жалдауға беруге құқылы.

2-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған лауазымдарға тағайындалған күндерiнен бастап бiр ай мерзiмде өздерiне тиесiлi инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенiмгерлiк басқаруға беруге және оларды сенiмгерлiк басқаруға арналған, нотариат куәландырған шарттың көшiрмесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң кадр қызметiне ұсынуға мiндеттi.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.

3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.

3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметке:

1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;

4) өзiнiң мәртебесiн және соған негiзделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

5) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған адам мемлекеттiк қызметке жiберiлмейдi;

6) алып тасталды — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

6-3) алып тасталды — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

6-4) өзiне қатысты мемлекеттiк қызметке орналасқанға дейiн үш жылдың iшiнде қылмыстық терiс қылық жасағаны үшiн соттың айыптау үкiмi шығарылған немесе қылмыстық терiс қылық жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;

7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар;

7-1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;

8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау нысанасына арнайы тексеруден өтпеген;

9) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;

қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзiне қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан адамды қабылдауға болмайды.

5. Алып тасталды — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Ескерту. 10-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.09.25 N 484, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2009.12.08 N 226-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. Мемлекеттiк қызметке кiру

11-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру

Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметке кiруi тағайындау не сайлау негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының

заңдарында белгiленген басқа да реттерде, тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.

Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

12-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.

Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу конкурстық негiзде жүзеге асырылады.

2. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеу Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтардың «А» корпусының бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға арналған конкурстық iрiктеуге қатысуға құқығы бар.

3. Өз өкiлеттiктерiн терiс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкiлеттiктерiн кемiнде алты ай орындаған және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн, өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына конкурстық iрiктеуден тыс орналасуға құқығы бар.

Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмiмен кадр резервiне iрiктеуден және конкурстық iрiктеуден өтпестен орналаса алады.

4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бiр кемсiтушiлiк белгiлеуге жол берiлмейдi.

Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын талаптар

1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай болуға:

1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;

2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi лауазымдарға қатысты өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға тиiс.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға үмiткер адамдар мынадай талаптарға сай болуға:

1) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай келуге;

2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген зейнеткерлiк жасқа толмаған болуға тиiс.

2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде мемлекеттiк кiрiс органдарына табыстары және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектiлерi болып табылатын мүлкi туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу арнайы тексерудiң оң нәтижелерi алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк орган арнайы тексерудiң нәтижелерiн алған күнге дейiн азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым көздейтiн мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа қабылдайды. Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi. Еңбек шарттары арнайы тексерудi жүргiзу мерзiмiне жасалады.

Арнайы тексеру жүргiзу кезеңiнде бұл адамдарға осы Заңның мемлекеттiк қызметшiлердiң мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулер бөлiгiндегi ережелерi қолданылады. Бұл адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.

4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкiн.

5. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi қызметiнiң негiзгi бағыттары, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер жүзеге асыратын лауазымдық өкiлеттiктер ескерiле отырып, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптары негiзiнде әзiрленедi және оларды уәкiлеттi органның келiсiмiмен мемлекеттiк органдар бекiтедi.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын арнайы бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.

14-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзу құқығын қамтамасыз етедi.

«Б» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурсты мемлекеттiк орган өткiзедi.

Тестiлеуден өту кезiнде уәкiлеттi орган белгiлейтiн шектi мәндерден төмен емес баға алған азаматтардың конкурсқа қатысуға құқығы бар.

2. Конкурс орталық мемлекеттiк органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлiмшелерiнде өткiзiлген кезде хабарландырулар орталық мемлекеттiк органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкiлеттi орган айқындаған мерзiмдi баспасөз басылымдарында жарияланады.

Конкурсты жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда өткiзу туралы хабарландырулар жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi айқындаған мерзiмдi баспасөз басылымдарында жарияланады.

Персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) құрылған жағдайда, хабарландырулар ол құрылымына кiретiн мемлекеттiк органның интернет-ресурсында жарияланады.

3. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өткiзiлсе, онда осы шарт конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлуге тиiс.

4. Конкурсты өткiзу және конкурстық комиссияны құру тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

5. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн бiрыңғай конкурстық комиссия құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бiрыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешiмiмен құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде бiрыңғай конкурстық комиссия құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң бiрыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының шешiмiмен немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

6. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға құқығы бар.

7. Тағайындауға құқығы бар адам конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушыны «Б» корпусының жарияланған мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттiк қызметке кiру үшiн көзделген талаптар сақталуға тиiс.

8. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттiк қызметке ұсынған конкурсқа қатысушы «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынуға құқылы.

Мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған конкурсқа қатысушы өзi алынған күннен бастап бiр жыл iшiнде, бiлiктiлiк талаптарына сай келген жағдайда, сол мемлекеттiк органда «Б» корпусының тиiстi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қосымша конкурстан өтпестен орналасуға құқылы.

9. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

10. «А» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткiзудiң ерекше тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

4-тарау. Мемлекеттiк қызмет өткеру және қызметтiк мансап

15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға кiру кезiндегi сынақ

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке алғаш рет немесе қызметiн тоқтатқаннан кейiн жаңадан қабылданған, сондай-ақ жоғары дәрежелi санаттағы мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылданған азамат үшiн үш айға дейiнгi мерзiмге сынақ белгiленуi мүмкiн.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсе отырып, сынақ, мерзiмiнен өтпеген адам ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкiн.

4. Егер сынақ мерзiмi өтiп, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi мемлекеттiк қызметтi жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзiмi мемлекеттiк қызмет стажына есептеледi. Одан кейiнгi жұмыстан босатуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша ғана жол берiледi.

Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

15-1-бап. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына ауысу тәртiбiмен орналасу

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өзi келiсiм берген, қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келген жағдайда және оның соңғы лауазымындағы қызметiнiң нәтижелерi ескерiле отырып, ауысу тәртiбiмен орналасуға құқығы бар.

Ауысудың жүргiзiлу тәртiбi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде реттеледi.

Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде көзделген жағдайларда «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасу уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмiмен жүзеге асырылады.

2. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасу аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда, мемлекеттiк органның, оның ведомствосының iшiнде, сондай-ақ олардың арасында жүзеге асырылады.

3. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына басқа мемлекеттiк органдардан, олардың ведомстволарынан және олардың аумақтық бөлiмшелерiнен ауысу тәртiбiмен орналасу Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде айқындалатын жағдайларда жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бiр жыл iшiнде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.

Ескерту. 4-тарау 15-1-баппен толықтырылды — ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметiн бағалау және оларды аттестаттау

1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер жұмысының тиiмдiлiгiн және сапасын айқындау үшiн олардың қызметiн жыл сайынғы бағалауды жүргiзедi.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметiн жыл сайынғы бағалау нәтижелерi сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық жоспарлау, ротация жөнiнде шешiмдер қабылдауға негiз болып табылады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметiн үш жыл бойы бағалау нәтижелерi оларды аттестаттаудан өткiзу жөнiнде шешiмдер қабылдауға негiз болып табылады.

3. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң кәсiби даярлық деңгейiн және олардың лауазымдық мiндеттердi орындау қабiлетiн айқындау жөнiндегi рәсiм аттестаттау болып табылады.

Аттестаттау тестiлеудi және әңгiмелесудi қамтиды. Кемiнде он бес жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi бар «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi тестiлеуге жатпайды.

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметiн бағалау және оларды аттестаттау тәртiбiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi аттестаттауға дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.

Аттестаттауда терiс нәтижелер алған «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi қызметiнен төмендетiлуге не босатылуға жатады.

Қызметiнен төмендету «Б» корпусының төмен тұрған бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымы болған, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсi осы лауазымға қойылған бiлiктiлiк талаптарына сай келген кезде жүзеге асырылады.

Қайта аттестатталуға жататын «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi қайта аттестаттау аяқталғанға дейiн ауысу тәртiбiмен тең дәрежелi не жоғары тұрған лауазымдарға тағайындала алмайды.

5. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн бiрыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бiрыңғай аттестаттау комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешiмiмен құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде бiрыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң бiрыңғай аттестаттау комиссиясы орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының шешiмiмен немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда — ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

17-бап. Жұмыс уақыты

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес белгiленедi.

2. Тұтас алғанда мемлекеттiк органның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң қалыпты (үздiксiз) жұмысы әрi қарай жедел атқарылуына байланысты болатын шұғыл және күнi бұрын болжанбаған жұмысты орындау үшiн орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның жазбаша өкiмi бойынша жұмысы Республиканың еңбек заңдарына сәйкес өтелетiн, демалыс және мереке күндерi қызметке келуге мiндеттi жекелеген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер тартылуы мүмкiн.

Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

18-бап. Iссапарлар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.

Мемлекеттiк қызметшiлерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулiкақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөнiндегi шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.

2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшiлердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.

Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

18-1-бап. Ротация

Мемлекеттiк қызметте «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн ротациялау мансаптық жоспарлау шеңберiнде олардың келiсiмiмен жүзеге асырылады.

Ротация жүргiзудiң тәртiбiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

Ескерту. 18-1-баппен толықтырылды — ҚР 2005.07.08 N 75 Заңымен (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда — ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

18-2-бап. Мүдделер қақтығысы

1. Егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға тиiс.

3. Туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте мемлекеттiк қызметшi өзiнiң тiкелей басшысына немесе мемлекеттiк органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.

Тiкелей басшысы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде, мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға, оның iшiнде:

1) оған байланысты мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруға;

2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң келiсiмi бойынша оны басқа лауазымға ауыстыруға тиiс.

4. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.

Ескерту. Заң 18-2-баппен толықтырылды — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

19-бап. Мемлекеттiк қызметтi өткерудiң өзге де мәселелерi

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға алғаш рет қабылданған адамдарға уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен тәлiмгерлер бекiтiледi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң және мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған адамдардың тағылымдамадан өтуi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк қызметтi өткерудiң осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде регламенттеледi.

Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда — ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

20-бап. Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi

Ескерту. 20-баптың тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу үшiн мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi қалыптастырылады.

2. Кадр резервiн қалыптастыру тәртiбi және онымен жұмысты ұйымдастыру уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi туралы ережемен реттеледi.

Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда — ҚР 2005.07.08 N 75 Заңымен (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз); өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

4-1-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы

Ескерту. Заң 4-1-тараумен толықтырылды — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

20-1-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерге қызмет этикасын сақтау жөнiнде қойылатын талаптар

1. Мемлекеттiк қызметшiлер:

1) мемлекеттiк қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенiмiн сақтауға және нығайтуға;

2) жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;

3) азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептiлiк танытуға;

4) мемлекет мүддесiне нұқсан келтiретiн, мемлекеттiк органдардың тиiмдi жұмыс iстеуiне кедергi жасайтын iс-әрекеттерге қарсы тұруға;

5) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiне құрметпен қараудың үлгiсi болуға;

6) заңдарда белгiленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

7) мемлекеттiк органдардың тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық мiндеттерiн адал және кәсiби деңгейде атқаруға;

8) лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде жеке және заңды тұлғаларға ерекше ықылас көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсiз болуға;

9) жеке сипаттағы мәселелердi шешу кезiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, мемлекеттiк қызметшiлер мен өзге де адамдардың қызметiне ықпал ету үшiн өзiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланбауға;

10) кадрларды туыстық, жерлестiк және жеке басына берiлгендiк белгiлерi бойынша iрiктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;

11) қарамағындағы мемлекеттiк қызметшiлерден олардың қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiнен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;

12) басқа адамдарды құқыққа қайшы терiс қылықтар немесе жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормалармен сыйыспайтын iс-әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

13) басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактiлерiне жол бермеуге және олардың жолын кесуге мiндеттi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезеңiнде ресми мiнез-құлық нормаларын сақтауға тиiс.

3. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтiк жағдайын және онымен байланысты мүмкiндiктердi коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың мүддесiне орай, оның iшiнде оларға өзiнiң көзқарасын насихаттау үшiн пайдаланбауға тиiс.

20-2-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерi

1. Мемлекеттiк қызметшiлер сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиiс.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiлерiнiң жолын кесуге тиiс.

3. Мемлекеттiк қызметшi, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға, оның iшiнде жоғары тұрған басшыға, өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк органның басшылығына, уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Мемлекеттiк қызметшi өзiн басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндiру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға мiндеттi.

Мемлекеттiк органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бiр ай мерзiмде мемлекеттiк қызметшiнiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзiн осы бұзушылықтарды жасауға көндiру жағдайлары туралы мәлiмдеулерi бойынша шаралар қолдануға, оның iшiнде тексерулер ұйымдастыру және уәкiлеттi органдарға өтiнiштер жолдау арқылы шаралар қолдануға мiндеттi.

4. Мемлекеттiк органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзiн осы бұзушылықтарды жасауға көндiрудiң анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттiк қызметшiнi оның құқықтарын, заңды мүдделерiн кемсiтетiн қудалаудан қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

5. Мемлекеттiк қызметшiлер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруын қиындататын iс-әрекеттерге (әрекетсiздiкке) жол бермеуге тиiс.

6. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшiлiк алдында негiзсiз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бiр ай мерзiмде оны терiске шығару жөнiнде шаралар қолдануға тиiс.

20-3-бап. Көпшiлiк алдында сөйлеу

1. Мемлекеттiк орган қызметiнiң мәселелерi бойынша көпшiлiк алдында сөйлеудi оның басшысы немесе мемлекеттiк органның уәкiлеттiк берiлген лауазымды адамдары жүзеге асырады.

Мемлекеттiк қызметшiлер пiкiрталастарды әдептi түрде жүргiзуге тиiс.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк саясатты жүргiзуге және мемлекеттiк органның қызметiне қатысы жоқ мәселелер бойынша мемлекеттiк органның атынан жарияланымдарына жол берiлмейдi.

Педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет жөнiнде материалдар жариялауды мемлекеттiк қызметшi жеке тұлға ретiнде өз атынан жүзеге асырады.

5-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердi қамсыздандыру

21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.

2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен төленедi.

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.

Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.

3. Мемлекеттiк қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.

5. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi ауыстырылған жағдайда не мемлекеттiк саяси қызметшiнiң басқа мемлекеттiк лауазымға тағайындалуына байланысты, егер мемлекеттiк қызметшi бұрынғы жұмыс орнында демалысын пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс орнындағы ақы төленетiн жыл сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн берiлуi мүмкiн.

Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн, сондай-ақ өз қызметiнiң бағалану нәтижелерi бойынша:

1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;

2) алғыс жариялау;

3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

4) грамотамен марапаттау;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандарымен, оның iшiнде ведомстволық наградалармен және омырауға тағатын ерекшелiк белгiлерiмен марапаттау арқылы көтермеленуi мүмкiн.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапатталады.

Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк қорғау шаралары

1. Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.

2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкiметi белгiлейдi.

3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетудi пайдаланады.

4. Мемлекеттiк орган таратылған (жойылған) жағдайда, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленедi.

Мемлекеттiк орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңадан құрылған мемлекеттiк органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiне олардың бiлiктiлiгiне сәйкес жұмыс ұсынады.

Басқа мемлекеттiк органның функциялары, өкiлеттiктерi және штат бiрлiктерi берiлген мемлекеттiк орган берiлген функцияларды, өкiлеттiктердi орындаған және осы штат бiрлiктерiнде қызмет атқарған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге олардың бiлiктiлiгiне сәйкес жұмыс ұсынады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жұмыстан босатылады. Бұл ретте, кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi бар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленедi.

Мемлекеттiк органның штат саны қысқарған жағдайда мемлекеттiк қызметшiге кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленедi.

5. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгеннен төмен болмауы керек.

Ескерту. 24-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393; 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

6-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы

26-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен босатылуы

1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тартылу туралы шешiм жазбаша арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан бас тартылған жағдайда қызметтiк өкiлеттiгiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қызметтен босауға құқығы бар.

3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгiленген негiздерде және тәртiппен отставкаға өтiнiш бередi және отставкаға кетедi.

4. Лауазымдық өкiлеттiгiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуы үшiн негiз бола алмайды, қайта жұмыстан босату үшiн негiз болады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен босатудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

4-1. Мыналар:

сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн бұрын жұмыстан шығарылған адамды, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк қызметке қабылдау;

қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзiне қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан адамды мемлекеттiк қызметке қабылдау мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiз болып табылады.

5. Алып тасталды — ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Ескерту. 26-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2007.07.21 N 308, 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

27-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн:

1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;

1-1) тараптардың өзара келiсуi бойынша еңбек шартын жасасу жолымен олардың мемлекеттiк қызметте болу мерзiмiн жыл сайын ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген зейнеткерлiк жасқа толуы;

2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша келiсiм-шарттың бұзылуы;

2-1) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген олардың өкiлеттiктерi мерзiмдерiнiң аяқталуы;

2-2) олардың атқаратын лауазымдары саяси лауазымдарға не азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдар тағайындайтын немесе олар сайланатын лауазымдарға өзгеруi;

3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;

4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;

5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;

6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;

7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;

7-1) қылмыс не қасақана қылмыстық терiс қылық жасағаны үшiн соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi;

7-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн бұрын жұмыстан шығарылған адамды, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдау;

қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзiне қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдау;

7-3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық iстi Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатылуы, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшiн қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органының немесе соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатуы;

7-4) мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтердi беруi;

7-5) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi;

8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк

әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;

9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;

9-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;

10) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де негiздемелер негiз болып табылады.

1-1. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 7), 7-1), 7-2), 7-3), 7-4) тармақшаларына сәйкес жұмыстан босатылған адамдар терiс себептермен босатылған болып танылады.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi босатуды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.

3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.

4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкiмшiлiк қызметшiлердiң бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.

Ескерту. 27-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253, 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

7-тарау. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдарды бұзу үшiн жауаптылық

28-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жауаптылығы

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны, терiс себептермен жұмыстан босатуға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен жұмыстан босатқаны, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға адамдарды заңсыз тағайындағаны және (немесе) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдардан адамдарды заңсыз босатқаны, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге тәртiптiк жазаларды заңсыз қолданғаны, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткiзу тәртiбiн бұзғаны, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария еткенi, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнiнде шаралар қолданбағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сол сияқты осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) қатаң сөгiс;

4) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;

4-1) қызметiн төмендету;

5) атқаратын қызметiнен босату қолданылуы мүмкiн.

1-1. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жазаның мынадай түрлерi:

1) қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту;

2) лауазымын төмендету;

3) атқаратын қызметiнен босату қолданылады.

Қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi тәртiптiк жаза лауазымын төмендету түрiнде тәртiптiк жаза қолдану мүмкiн болмаған кезде қолданылады.

Лауазымын төмендету түрiндегi тәртiптiк жаза төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болған және мемлекеттiк қызметшi осы лауазымға белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген кезде қолданылады.

Атқаратын қызметiнен босату түрiндегi тәртiптiк жаза сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамада көзделген негiздер бойынша қолданылады.

2. Тәртiптiк жазаны:

1) лауазымдық өкiлеттiгiне сәйкес осындай құқығы бар адамдар қолданады;

2) нақ сол терiс қылық үшiн қайтадан қолдануға болмайды;

3) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленетiн тәртiппен қолданады.

2-1. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн бiрыңғай тәртiптiк комиссия құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бiрыңғай тәртiптiк комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешiмiмен құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде бiрыңғай тәртiптiк комиссия құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң бiрыңғай тәртiптiк комиссиясы орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының шешiмiмен немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

3. Тәртiптiк лайықсыз әрекетке жол берген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi оны тағайындаған басшы белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметшi өз iс-әрекетiнiң заңсыздығы үшiн жауап бередi. Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда мемлекеттiк қызметшi, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiнiң заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауап бередi.

5. Мемлекеттiк қызметшiлер құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздерде және тәртiппен тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауаптылықта болады.

Ескерту. 28-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2003.03.11 N 393, 2003.09.25 N 484, 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

28-1-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптiк жаза қолдану мерзiмдерi

1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

2. Сотқа дейiнгi тергеп-тексеру не қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, бiрақ адамның iс-әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық тәртiптiк терiс қылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi не қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей, бiрақ осы терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей қолданылады.

3. Мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiне, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытында бiр жылдық және үш айлық тәртiптiк жаза қолдану мерзiмi еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрады.

Ескерту. Заң 28-1-баппен толықтырылды — ҚР 2003.09.25 N 484, өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

28-2-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшiн тәртiптiк жазалар қолдану мерзiмдерi

Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшiн тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Ескерту. Заң 28-2-баппен толықтырылды — ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

29-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер құқықтарының оларды тәртiптiк жауапқа тарту кезiндегi кепiлдiгi

1. Мемлекеттiк қызметшi өзiн тәртiптiк жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен мiндеттi түрде таныстырылуға тиiс, оған қызметтiк тексеру рәсiмiне жеке өзiнiң қатысу құқығы берiледi.

2. Жауапқа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетi мен шешiмдерiне уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен не сотқа шағым жасай алады.

Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгiзiлдi — ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

8-тарау. Қорытынды ережелер

30-бап. Осы Заңның күшiне енгiзiлу тәртiбi

Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президентi

Мақаланың шыққан күні: 07.03.2017 15:00
Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.06.2017 10:40
Сұрақ қою Өмiрбаян Сөз сөйлеулер

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Іргебайұлы Ақсақалов

Қыркүйек 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
Әкімнің блогы
МО басшыларына сұрақ қою
Халықтық бақылау

Біздің аймақтағы тұрмыстың қай саласы өзінің дамуына мұқтаж?

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыҚазақстан Республикасының Премьер-Министрі Официальный ресурсАссамблея народов КазахстанаСтратегия Казахстан 2050Дорожная карта«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»EXPOҚазақстан Республикасы Жоғарғы СотыҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіҚазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынадыҚазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің деректер базасыtrade.gov.kzӘкімдіктің электрондық қызметтеріortcom.kzАлтын сапаМодернизация пенсионной системыЦели 2017Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіЗащита бизнеса СКОЦентр оценки эффективности деятельности государственных органов Республики Казахстан  Зимняя Универсиада – 2017ҚР инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетіҚазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығыСот кабинеті«Қазақстан — ұлы дала елі»Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан — «Атамекен»«Жұмыс»БжЗқ зейнетақы қорыkazakhstan.travelwww.business.gov.kzIfk.kzказконтентДоступное жильё 2020www.kdb.kzҚазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығыGalam TV Ұлттық телерадио хабарларын таратуТелерадиохабар тарату саласындағы ұлттық операторыБәсекеге кабілеттілік жөніндегі кеңесҚазақстан-Петропавл«ШАПАҒАТ» республикалық форумыҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы100 жаңа есім
ТИЦ

@2017 Солтүстiк Қазақстан облысының ресми интернет-ресурсы