A- A A+
Солтүстiк Қазақстан облысының ресми интернет-ресурсы
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмiнің тұрғындар алдындағы есебi

Солтүстік қазақстан облысының әкімі Е.Х. Сұлтановтың тұрғындар алдындағы есебі

Қазақстан Республикасы Президентінің “Орталық атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп беру кездесуін өткізу туралы” 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес 2017 жылдың 22 ақпан күні сағат 15-те Петропавл қаласындағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесуі өтеді. Облыс әкімінің есебін муниципалдық телерадиоарнаның сайтынан, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының ресми интернет-ресурсынан www.sko.gov.kz көре аласыздар.

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

31 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды.

Мемлекет басшысы жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру жөнінде бірқатар міндеттер қойды.

Президенттің Қазақстанды саяси жаңғырту жөніндегі бастамасы күшті және тиімді мемлекет құруға бағытталған.

Конституциялық реформаның негізіне “Күшті Президент – Беделді Парламент – Есеп беретін Үкімет” қағидаты алынған.

Парламенттің сапалы заңдар қабылдауына және Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саладағы істер жағдайына жауапкершілігі айтарлықтай күшейтіледі.

Конституциялық реформаларды жүзеге асыруда Мемлекет басшысына заңдар күшіне енгенге дейін және одан кейін Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы Конституциялық кеңеске өтініш жолдау құқығының берілуі маңызды.

Былтыр біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтті. Бұл жас мемлекеттің қалыптасуының және гүлденуінің жылдары болды. Осы аз уақыт ішінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алды.

2017 жылы біздің еліміздің дамуында жаңа кезең басталады. Мемлекет басшысының таңдап алған жаңғырту бағыты экономикамыздың жоғары қарқынын және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді қамтамасыз етеді.

Мен Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының бұрынғы кездегідей Президент бастамасын қолдайтынына және алға қойған міндеттерді шешуге лайықты үлес қосатынына сенемін.

Қымбатты достар!

2016 жылы біз ұзақмерзімді “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мен “Нұрлы жол” бағдарламасы шеңберінде жұмыс істедік.

Өткен жыл “Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың нақты кезеңі ретінде ерекшеленді. Жоспарды жүзеге асыру экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы ауқымды шараларды қалыптастырды.

Қаңтар айының соңында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері басталды. Бұл кездесулер жергілікті атқарушы биліктің жұртшылықпен тиімді диалог орнатуына, тұрғындар үшін өзекті мәселелерді анықтауына және оларды бірлесіп шешу жолдарын табуына көмектеседі.

Облыс бойынша тұтастай алғанда өткен жылдың қорытындысында дамудың оң серпіні байқалады, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген.

Өңірлік жалпы өнімнің нақты өсімі 2016 жылы 1 пайыз деңгейінде (883,2 млрд. теңге) күтілуде.

Бюджет

2016 жылы 38,0 млрд. теңге кіріс жиналған. 2015 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 18,5 пайыз болды. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,6 пайызға орындалды.

2016 жылы облыс экономикасына алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайыз өсіммен 165,7 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Инвестициялар

Солтүстік Қазақстан облысында инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығына (34,3 пайыз), өнеркәсіпке (27,4 пайыз) және көлік пен қоймалауға (16,9 пайыз) тиесілі.

Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру шеңберінде өткен жылы шетел инвестициясын тарту және облыс әлеуетінің тұсаукесері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Инвесторлармен тура диалог жүргізуді қамтамасыз ету үшін Инвесторлардың өңірлік кеңесі құрылды және жұмыс істейді. Былтыр кеңестің екі отырысы өтті. Түпкілікті мақсаты облыс аумағында инвестициялық жобаларды қолдау мен жүргізу болып табылатын Инвестициялық мәлімдемеге қол қойылды.

Біз әртүрлі кездесулер, сапарлар барысында Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері туралы мақсатты аудиторияны кеңінен хабардар етеміз.

Былтыр Астана қаласында 33 дипломатиялық миссияның жетекшілерімен бизнесланч өткіздік. Осы кездесудің нәтижесінде Эстонияның, Германияның, Малайзияның, Швецияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің іскер топтарының өкілдері облысымызға іссапармен келіп, ынтымақтастықтың мүмкін бағыттарын талқылады. Жекелеген бағыттар бойынша қазірдің өзінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Инвесторлар үшін негізгі қызығушылық агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасау салалары болып табылады.

Екінші халықаралық “Kyzylzhar Invest 2016” инвестициялық форумы (бірінші форум 2014 жылы болды) табысты өтті, оның шеңберінде қазір ынтымақтастық туралы 22 меморандум жүзеге асырылуда.

Жұмыс істеп тұрған және ықтимал инвесторлармен өзара іс-әрекет жасау үшін Солтүстік Қазақстан облысының investinsko инвестициялық порталы ашылды.

Өңірдің Инвестициялық стратегиясы жасалуда, ол одан әрі инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттері үшін бағдар болмақ.

Агроөнеркәсіптік кешен

Өңіріміздің негізгі саласы агроөнеркәсіптік кешен болып табылады.

Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсті және 416,7 млрд. теңгені құрады.

Жыл сайын біз алыс және жақын шетелдерге 1,5 млн. тонна сапалы солтүстікқазақстандық астықты, 250 мың тонна ұнды, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымын экспортқа шығарамыз.

Аграрлық сектордың дамуындағы табыстар, ең алдымен, Елбасының сындарлы мемлекеттік саясатына, оның аграрлық кешенді қуатты қолдауына және елімізде жасалған қолайлы жағдайларға байланысты болып отыр.

2016 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп.

Облысымызда егіншілікті әртараптандыру жүргізіліп жатыр, ол бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған дақылдарды өсіруге қайта бағдарланған.

2016 жылы облыс диқандары гектар берекелігін орташа есеппен 17,2 центнерге жеткізіп, 5,5 миллион тонна астық жинады.

Жаңа элеваторлық қуаттар, астық кептіргіштер салу мен іске қосу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бүгіндері өңірімізде жиналған астықты сақтау үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Облысымызда лицензия алған 52 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 86 мың тонна болатын төртеуі 2016 жылы пайдалануға берілді (3,2 млрд. теңге инвестиция). Соның нәтижесінде астықты қабылдау мен сақтау үшін сыйымдылық көлемі 6,6 млн. тоннаға жеткізілді.

Мал шаруашылығы

Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын мал шаруашылығы үшін 20 мың бастан астам ірі қара сатып алады, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Бұл сала біздің тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етеді.

Былтыр “Сыбаға” бағдарламасымен – 2261 ірі қара, “Құлан” бағдарламасы бойынша – 1691 жылқы, “Алтын асық” бағдарламасымен 4704 қой сатып алынды.

Мемлекет басшысының елді мекендерде кооперацияны енгізу, ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру және жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде облыста ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Қолдаудың осындай шараларының арқасында жыл сайын мал мен құстың барлық түрлерінің басы көбейіп келеді, мал шаруашылығы өндірісі ұлғаюда.

Облыстық статистика департаментінің жедел деректеріне қарағанда, 2016 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында ірі қара басы – 1,1 пайызға, ал ұсақ мал мен жылқы 2 пайыздан астамға көбейді. Соның нәтижесінде ет өндірісі – 1,3 пайызға, сүт 4,3 пайызға ұлғайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу облыс агроөнеркәсіптік кешенінің маңызды бағыты болып табылады. Оның өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 60 пайыздан астам.

Үстіміздегі жылдың басынан бастап тамақ өнімдерінің өндірісі 83,6 млрд. теңгені құрады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша сарымай өндірісі – 1,6 пайызға, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12,0 пайызға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3,4 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191 млрд. теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 2016 жылы сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 270 жұмыс орны ашылды.

Баға өсімін тежеу

Негізгі азық-түлік тауарларының бағасы бақылауға алынған.

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында жедел штаб құрылды, облыстық тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Азық-түліктің 33 түрінің бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.

Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 2016 жылдың қыркүйек айында жергілікті бюджеттен қосымша 350 млн. теңге бөлінді. Оған 1283 тонна өнім, оның ішінде 66 тонна күріш, 1020 тонна қант, 100 тонна қарақұмық жармасы және 97 тонна өсімдік майы сатып алынды.

87,2 тонна көлеміндегі өнімге тауар интервенциясы (11 тонна қант, 14,5 тонна өсімдік майы, 25,3 тонна күріш, 36,4 тонна қарақұмық жармасы) жүргізілді. Өнім нарықтағы орташа бағадан арзанға сатылуда. Өсімдік майының бағасы 14 пайызға арзан (литрі – 365 теңге, ал нарықтағы орташа баға – 433 теңге), өлшеп сатылатын күріш – 15 пайызға (килограмы – 170 теңге, нарықтағы орташа баға – 200 теңге), өлшеп сатылатын қарақұмық жармасы 26 пайызға арзан (килограмы – 250 теңге, нарықтағы орташа баға – 340 теңге).

Тұрақтандыру қорының өнімдері 4 сауда желісінің 16 нысаны және 19 сауда үйі мен базарлар арқылы 35 сауда нүктесінде сатылуда.

Жергілікті өнімдер сауда желілеріне тікелей жеткізіледі. Жергілікті тауар өндірушілерге сауда жасау үшін тегін орындар бөлінген. Әлеуметтік маңызға ие өнімдерді сату туралы сауда кәсіпорындарымен меморандумдарға қол қойылды.

Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, онда өнімдер нарықтағы бағадан 20 пайызға арзан сатылады.

Өнеркәсіп

Жалпы алғанда 2016 жылы өңір өнеркәсібі оң даму серпінін сақтап қалды. 192 млрд. теңгенің өнімі шығарылды немесе өткен жылмен салыстырғанда 100,5 пайыз.

Өнеркәсіп жалпы өңірлік өнімді қалыптастырушы сала ретінде өткен жылы оң және тұрақты даму серпінін жалғастырып, физикалық көлем индексінің өсу деңгейін сақтады.

Физикалық көлем индексінің артуына тау-кен өнеркәсібінің – 38 пайызға, электрмен жабдықтаудың – 9,1 пайызға, сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің 6,3 пайызға өсуі әсер етті.

Өңдеу өнеркәсібінде сомасы 138 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Соның ішінде тамақ өнімдерін өндіру – 6 пайызға, химия өнеркәсібі – 46,7 пайызға, сусындар – 75,6 пайызға, жеңіл өнеркәсіп көлемі 19 пайызға артты.

Өңдеу өнеркәсібі көлемінің 23 пайызын алатын машина жасау саласында 32 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Мұнай-газ компаниялары тапсырыстарының айтарлықтай қысқаруына байланысты 2015 жылмен салыстырғанда көрсеткіштер төмендеді.

Жетекші машина жасау кәсіпорындары тұрақты өсу серпінін көрсетті. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуына өнім шығаруды 1,7 есеге көбейткен “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы елеулі үлес қосты. Ол Үкіметтің қолдауы негізінде “Қазақстан Темір Жолы” ұлттық компаниясымен жасалған 15 млрд. теңгенің келісімшартының арқасында мүмкін болды.

Өнім шығару “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-да – 8 пайызға, “Казнефтегазмаш” АҚ-да – 43 пайызға, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-інде – 29,3 пайызға, “Поиск” ВФ” ЖШС-інде 5,4 пайызға артқаны байқалды.

Машина жасау кәсіпорындарының тапсырыстар портфелін қалыптастыру және келісімдер жасау бойынша көп жұмыс атқарылуда. Қазірдің өзінде тапсырыс 2016 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 2 есе өсіп, 15 млрд. теңгеден асты. Жасалған келісімдер құрылымында ең көп үлес темір жол кешеніне – 83 пайыз, мұнай-газға 12 пайыз тиесілі.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы

Өнеркәсіпте жаңа жоғары технологиялық өндіріс құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы бесжылдық табысты аяқталды. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында екінші бесжылдықта экономиканың басым секторларында жүзеге асырылатын жобаларды екі есеге дейін көбейту көзделген. Жобаларды Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізудегі басты талап оның жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі, ауқымдылығы болып отыр. 2016 жылы аталмыш талаптарға сай келетін 6 жоба картаға енгізілді.

Біз 100 млрд. теңге болатын 60-тан астам жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазір 41 жоба жүзеге асырылуда, соның ішінде 8,8 млрд. теңге болатын 9 жоба өткен жылы пайдалануға беріліп, шамамен 300 жұмыс орны ашылды. Бұлар – өндірісі автоматтандырылған және көп қызметкерді қажет етпейтін шағын кәсіпорындар.

“К-704-4Р “Батыр” брендімен тракторлар шығаратын Петропавл трактор зауытының ашылуы үлкен жаңалық болды. Бұл – жер жыртатын, топырақты өңдейтін, коммуналдық қажеттіліктерге жарайтын көпбейінді трактор. Құны осы санаттағы импорттық тракторлардан 3 есе төмен (30 млн. теңге). Зауыттың жылына 100 бірлік техника шығаруға мүмкіндігі бар.

Кәсіпорын, сондай-ақ, егіс кешенін де жасады. Қазір ауыл шаруашылығы машиналарының басқа модельдерін шығару жолдары қарастырылуда.

Желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір барысында “Тайынша-май” ЖШС-нің майлы дақылдар өңдейтін зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Жоба қытайлық “Айцзю” компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 300 мың тонна майлы дақыл тұқымын қайта өңдеуге жетеді. Өндірілген барлық өнімдер Қытай Халық Республикасына экспортталады.

Таяу уақытта Сергеевка қаласында өз шикізатын пайдалана отырып, жылына 10 мың тонна қант шығаратын “Трансагроинвест” ЖШС-нің қант зауытын салу жобасын жүзеге асыру көзделген. Зауытты үстіміздегі жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның пайдалануға берілуі облыстың қантқа деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандыруға мүмкіндік туғызады.

2017 жылы “Грибной мир” ЖШС Қазақстанда жақсы жағынан танылған голландиялық озық технологияны пайдалану арқылы қозықұйрықты өндірістік өсіретін және қайта өңдейтін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.

Инвестициялық жобалар картасы үнемі жаңаруда, жаңа жобаларды іздеу және тарту жұмыстары жүргізілуде.

Тоқтап тұрған кәсіпорындар

Соңғы бір жарым жыл ішінде 15 кәсіпорынның жұмысы қайтадан жанданып, 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

2016 жылы 5 кәсіпорын қалпына келтірілді. Олар: “Славное” сауда белгісімен сүт өнімдерін шығаратын “Казмолторг” ЖШС, ағаштан өнімдер жасаумен шұғылданатын “Санкт Иосиф” ЖШС, “Нониашвили” ЖК нан-тоқаш өнімдерін пісіруге қайта кірісті, “Норд Агро” ЖШС майлы және дәнді дақылдарды қабылдау мен сақтау жұмыстарын жүргізуде, “Сары-Арка-КЗ” ЖШС ұн мен кебек шығарады.

2017 жылы тоқтап тұрған тағы бірнеше кәсіпорынның жұмысын жандандыру жоспарланған, соның ішінде фанера (Аққайың ауданында “Токушинский май зауыты” ЖШС негізінде), кірпіш (Қызылжар ауданында “Стройкомплекс “KERAMOS” ЖШС), темір-бетон бұйымдар өндірісі (Уәлиханов ауданында “Жапаров” ЖК), астық қабылдау мен кептіру (Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Вест Агро ХПП” ЖШС), құс фабрикасы (Тайынша ауданында “СХП “Агадес” ЖШС), “Биохим” кешені (Тайынша ауданы), ет комбинаты мен жемазық цехы (Мағжан Жұмабаев ауданы Совет ауылы) іске қосылмақ.

“Биохим” өндірістік кешенінің қызметін қайтадан қалпына келтіру ерекше маңызға ие. Кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарына сәйкес 2017 жылдың 1-ші жартыжылдығында диірмен кешені іске қосылады, 2-ші жартыжылдықта глютен мен балауыз өндірісі қалпына келтіріледі, ал 2018 жылдың соңына қарай биоэтанол шығаруға кіріседі.

Бұл кәсіпорындарды қайта іске қосудың нәтижесінде қосымша 650 жұмыс орны ашылады.

Кәсіпкерлікті дамыту

Бүгінгі күні облыста кәсіпкерліктің 28 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, онда өңіріміздегі экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бір бөлігі – 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр.

Шағын және орта бизнестің жалпы өңір өніміндегі үлесі – 23,9 пайыз. Біз бұл көрсеткіш бойынша республикада 6-шы орындамыз.

Кәсіпкерлер бизнестерін дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдалануда. “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Агробизнес – 2020”, “Өнімділік – 2020”, “Экспортер – 2020”, тағы басқа салалық және үкіметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

“Бизнестің жол картасы” жүзеге асырылған кезеңнен бері облыста 57 миллиард теңгеден астам қаржыға 936 жоба мақұлданды. Біздің облыс демеуқаржы беру бойынша қол қойылған келісімдер саны жағынан республика өңірлері арасында 1-орында тұр.

Өткен жылы кәсіпкерлердің жобаларды жүзеге асыруының нәтижесінде 10836 жұмыс орны сақталып қалды және 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Бағдарламаның шарттары және белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудандарын қамтуға мүмкіндік берді. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы санына қатынасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған ауыл кәсіпкерлерінің үлестік салмағы 2015 жылғы 46,2 пайыздан (116 жоба) 2016 жылы 54,6 пайызға (166 жоба) дейін артты.

Жол-көліктік инфрақұрылым

Біз үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жаңғырту маңызды мәселе болып қала бермек.

2016 жылы ұзындығы 143 шақырым “Астана – Петропавл” автожолын жаңарту жұмыстары аяқталды.

2017 жылы “Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы” Қорған қаласы бағытында жаңарту жұмыстары жалғасады.

Жергілікті маңыздағы 385 шақырым автожол 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалып жөнделді. Үстіміздегі жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасады және 10,7 миллиард теңге қаржыға ресурс үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 640 шақырымнан астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз.

2016 жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласы әуежайы терминалы және ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілді.

2017 жылдың қаңтар айынан әуежай толық көлемде жұмыс істеп тұр. Бұл өңір үшін ерекше маңызға ие, өйткені, бұл әуежай Ресей, еуропалық және азиялық компаниялардың жүктерін транзиттеу үшін географиялық тұрғыдан тартымды.

Сумен жабдықтау

2016 жылы сумен жабдықтау және су тартуға барлығы 3,8 миллиард теңге, соның ішінде “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде – 1,3 миллиард теңге, “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 2,5 миллиард теңге бөлінді.

2016 жылдың қорытындысы бойынша “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде екі елді мекенде (тұрғындар саны – 12042 адам) сумен жабдықтау жақсарды, 2 ауылға (елді мекен тұрғындарының саны – 453 адам) ауызсу берілді. Ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 56,3 пайызға дейін өсті (2015 жылдың соңында 55,8 пайыз).

2017 жылы “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде 0,9 миллиард теңге қаржыға ауылдарды сумен жабдықтау бойынша 6 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, соның ішінде 2 жоба – 2017 жылы, ал 4 жоба 2018 жылы аяқталады.

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 2017 жылы 683 миллион теңгеге Петропавл қаласында су тарту бойынша 6 жобаны жүзеге асыру басталады.

Бұл мақсатқа бюджет қаражатынан басқа халықаралық қаржы институттарының заем қаржысы да тартылуда.

Былтырдан бері Петропавл қаласында “Қызылжар су” ЖШС-і сумен жабдықтау және су тарту нысандарын жаңғырту жобасын жүзеге асыруда. Бұл мақсатқа Еуропа қайта құру және даму банкінің жалпы сомасы 3,85 миллиард теңге заемы тартылды (соның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржысы – 2,2 миллиард теңге, республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру – 1,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 150 миллион теңге).

Бұл жобаны жүзеге асыру қолданыстағы тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерін 2020 жылға дейін 72 пайыздан 60,2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Энергетика

Өзінің экономикалық және қаржылық көрсеткіштерін тұрақты түрде жақсарту арқылы Солтүстік Қазақстан облысының энергетика саласы табысты дамуда.

2015 жылы жаңарту барысында жылу-электр орталығында құны 5,6 миллиард теңгенің №1 трубоагрегаты іске қосылды. Аталмыш турбина электр қуатын 63 МВт-ға (479 МВт-ға дейін) арттырды. Өткен жылы құны тиісінше 3,4 және 6,6 миллиард теңге болатын №12 жылыту қазандығы агрегаты және №5 турбиналық агрегатын іске қосу белгіленген қуаттылықты 479-дан 541 МВт-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

2017 жылғы 1 қаңтарда Петропавл қаласының жылумен қамту желілерінің жалпы тозуы 66,9 пайызды құрап отыр, соның ішінде магистральді құбырлар 75,4 пайыз.

Көрсеткіштер жылумен қамту желілерінің магистраліндегі апаттар санының жыл сайын азайып келе жатқандығын аңғартады. 2015 жылы 2-санаттағы технологиялық бұзылулар 93-ке тең болса, 2016 жылы 88-ге түсті.

Бұл кезеңде апаттар мен 1-санаттағы істен шығулар болған жоқ. Үстіміздегі жылыту маусымында орын алған технологиялық бұзылуларға тозығы жеткен жылу магистральдарының таттанып, тозуы себеп болып отыр.

Тозығы жеткен жылу желілеріндегі проблемаларды түбегейлі шешу үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, қайта қалпына келтіру және тозығы жеткен учаскелер желісін ауыстыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

2015 жылы республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен Петропавл қаласында 4,4 шақырым (Ғ.Мүсірепов к-сі, Жамбыл к-сі, Алтынсарин к-сі) (3,0 миллиард теңге) жылу желілерінің құрылысы жүргізілді.

“Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” бағдарламасы шеңберінде 1,3 шақырым жылумен қамту желісінің (Алтынсарин к-сі – 1 ш., “Жас Өркен” шағын ауданы – 0,3 ш.,), (құны 1,48 миллиард теңге) құрылысы атқарылды.

2016 жылы “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің инвестициялық тарифтік жобасы шеңберінде ТМ №5 құбыр желісінің 1,053 шақырымына (Хименко к-сі) 355 миллион теңге қаржыға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорын Еуропа қайта құру және даму банкінің заемы және Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік демеуқаржысымен ТМ №5 (Я. Гашек к-сі) құбыр желісінің 1,6 шақырымын 1 миллиард 84 миллион теңгеге және ТМ №2 (Егемен Қазақстан к-сі) 0,972 құбыр желісін 415 миллион теңгеге қайта қалпына келтірді.

2017 жылы 12,6 шақырымға (Ғ. Мүсірепов к-сі, Қызылту к-сі, Алтынсарин к-сі, Жамбыл к-сі, Новый к-сі, А. Шәжімбаев тұйық көшесі, Победа к-сі, Сәтбаев к-сі, Медведев к-сі, Ермак к-сі, Московский к-сі, Батыр Баян к-сі, Ружейников к-сі, Халтурин к-сі, Мир к-сі, Крепостной к-сі, Совет к-сі, Пушкин к-сі, Казахстанская Правда к-сі, Брусиловский к-сі, Ш. Уәлиханов к-сі, Абай к-сі, С. Мұ-қанов к-сі, Ульянов к-сі, Жуков к-сі, Набережная к-сі, Жәлел Қизатов к-сі, Ватутин к-сі, Пржевальский к-сі, Интернационал к-сі, Тоқсан би к-сі, Я. Гашек тұйық көшесі, 308-ші Қызыл тулы полк к-сі, В. Демиденко к-сі, Шухов к-сі, Хименко к-сі, Жуков к-сі, Парк к-сі, Володарский к-сі, Казахстанская правда к-сі, Попов к-сі, Чкалов к-сі) және 4 шақырым жылу оқшаулағыш (С.Сейфуллин к-сі, А.Шәжімбаев к-сі, Ғ. Мүсірепов к-сі, М.Әуезов к-сі, Жәлел Қизатов к-сі, Набережная к-сі, Жуков к-сі, Промышленный к-сі, Невский к-сі, Новый к-сі, Амангелді к-сі, Брусиловский к-сі, Украин к-сі, Сәтбаев к-сі, Исмаилов к-сі, Парк к-сі, Ахременко к-сі, Абай к-сі, Сәтбаев к-сі, Алтынсарин к-сі, Уәлиханов к-сі, Брусиловский к-сі, Гагарин к-сі, Пугачев к-сі, Молодежный к-сі, Садовый қиылысы, Пугачев к-сі, Казахстанская Правда к-сі, Шухов к-сі, Бостандық к-сі, Кирпичный к-сі, Новаторная к-сі, Гуденко к-сі, Березовая к-сі, Қазақстан Конституциясы к-сі, Кошуков к-сі, Мир к-сі, Пионер к-сі, Островский к-сі, Ғ.Мүсірепов к-сі, Базарбаев к-сі) 407 миллион теңге қаржыға жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Инвестициялық бағдарламалар шеңберінде 454 млн. теңге қаржыға (Егемен Қазақстан к-сі) 1,12 шақырым жылу желілерін ауыстыру көзделуде. Еуропа қайта құру және даму банкінің заемы есебінен және Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік субсидиясына 6,3 шақырым жылу желілеріне (Алтынсарин к-сі, Мир к-сі, Ульянов к-сі) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Жылу желілерін жаңарту жобаларын одан әрі жүзеге асыру 2020 жылы құбырлардың тозуын 62 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Тұрғын үй құрылысы

2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ, “СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 2016 жылы “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшылары және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар үшін 834 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды, оның 3-еуі былтыр пайдалануға берілді. Қалған 7 үйдің құрылысы (келісімшарт міндеттемелері бойынша) 2017 жылы аяқталады. 1446 пәтерлік 16 тұрғын үй іске қосылады.

2016 жылы тұрғын үй құрылысына 15,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 62,7 пайызға артық. Тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың негізгі көзі – құрылыс компанияларының өз қаражаты. Олардың үлес салмағы 52,2 пайызды құрады.

Әлеуметтік қорғау

Жұмыспен қамту саласын дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек. 2016 жылы 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 11,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 2016 жылдың үшінші тоқсанында 4,9 пайызды құрады. Күнкөріс деңгейі төмен тұрғындар саны 3,2 пайызға дейін (2015 жылы – 3,7 пайыз) төмендеді.

Экономикалық белсенді тұрғындар есебінен тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,3 пайызды құрады, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 80 инфрақұрылымдық және абаттандыру бойынша 512 жоба жүзеге асырылды, шағын бизнесті ашуға және кеңейтуге 378 несие берілді.

Аз қамтылған азаматтарды “Өрлеу” жобасы арқылы белсенді жұмыс түрімен тарту мақсатында 211 әлеуметтік келісім жасалып, 228 адам жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде 2016 жылы аз қамтылғандар саны өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 14 пайызға немесе 1009 адамға азайды.

2016 жылы мүгедектерді әлеуметтік қамту үшін қаржыландыру 2015 жылмен салыстырғанда 31 пайызға немесе 116 миллион теңгеге ұлғайтылды. Бұл 4,5 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.

2017 жылғы әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті – “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы шараларын жүзеге асыру, (оның ішінде қайта даярлау курстарына, “Жастар тәжірибесіне”, жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, кәсіпкерліктің негіздерін үйрету, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жобаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдау және орналастыру) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санын, белсенді жұмыс түрлеріне тарту есебінен тұрғын үй көмегін алатындардың санын азайту, мүгедектерді және қарт адамдарды оңалту шараларымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету.

Құқық қорғау қызметі

Облыстағы криминогендік жағдай тұрақты.

2016 жылы жалпы қылмыстың 10,6 пайызға (10103-тен 9031-ге дейін) төмендеуі байқалды. Қылмыстардың барлық түрлерінің ашылуына қол жеткізілді, ауыр қылмыстың 87,2 пайызы және аса ауыр санаттағы қылмыстардың 96,7 пайызы, барлық резонансты қылмыстар ашылды.

Облыстық ішкі істер департаменті өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар санын – 18,9 пайызға (1511-ден 1225-ке дейін), көшелерде – 26,5 пайызға (604-тен 444-ке дейін), кәмелетке толмағандар арасында – 16,1 пайызға (93-тен 78-ге дейін) және мас күйдегі қылмыстарды 3,0 пайызға (1213-тен 1177-ге дейін) азайтуға қол жеткізді.

Мен бекіткен мүлікті ұрлауға қарсы іс-әрекеттер жөніндегі барлық мүдделі органдардың өзара іс-қимылының ведомствоаралық жоспарын жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде қылмыстың ең көп тараған осы түрі азайғандығы байқалды.

Алдау (30,4 пайыз), тонау (7,7 пайыз), бұзақылық (56,4 пайыз) және бопсалау (64,5 пайыз) саны айтарлықтай азайды.

Есірткі бизнесіне тоқсауыл қою және нашақорлықтың алдын алу бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Заңсыз айналымнан шығарылған есірткі көлемі 33 пайызға (427 килограмм) ұлғайды.

Жол-көлік апаттарының (11 пайыз), оның ішінде қаза тапқандардың (2,2 пайыз), дене жарақатын алғандардың (9,2 пайыз) саны азайды.

Тұрғындар арасында кез келген тәртіп бұзушылыққа “нөлдік төзімділік” қалыптастыру қамтамасыз етілді. 138 мыңнан астам азамат (139075 – 29 пайыз) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы полицияның барлық әкімшілік учаскелерінің учаскелік инспекторлары өздері қызмет көрсететін аумақтарда тұрғындар алдында есеп берді. Полицияның жұмысы ашықтық пен айқындық қағидатымен жүргізіліп, тұрғындардың сенімін нығайтуға бағытталуда.

Білім беру

Білім беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 98 пайызға жетті.

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталса, 200 орындық балабақшаның құрылысына жеке инвестиция тартылды.

2016 жылы облыста мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамтитын ұйымдарда 893 орын ашылды, оның ішінде 287 орын мемлекеттік тапсырыстарды жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда орналастыру жолымен іске қосылды.

Бүгіндері Петропавл қаласында балалардың 27 пайызы (2405 бала) жекеменшік балабақшаға барады. Жеке бизнестің мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесіне қызығушылығы артып келеді. 2017 жылы мектепке дейінгі 782 жаңа орын ашу жоспарланған. Келісімшарттар жасалып, концессия аясында 2017 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін 370 орындық 3 балабақшаның құрылысы басталды.

Облысымызда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 99 пайызға, Петропавл қаласында 98 пайызға жеткізілетін болады.

Өңірімізде үш ауысымдық білім беру мәселесін түбегейлі шешу үшін “Нұрлы жол” бағдарламасы шеңберінде облысымыздың аудандарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Осы нысандарды пайдалануға беру нәтижесінде 2016 жылы үшауысымдық және апаттық мектептер мәселесі шешілді.

Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды.

Білім берудің жаңартылған бағдарламаларын енгізу мақсатында облысымыздың 8404 (100 пайыз) бірінші сынып оқушысы 2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйегінен жаңа бағдарламалар бойынша білім ала бастады. Жаңарған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 4150 мұғалім даярлық курсынан өтті, облыс бойынша екі мектепте 2-сыныпқа арналған білім беру стандарттық апробациялау жалғастырылуда.

Компьютерлік технологиялардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы компьютерлерді жаңартуға және бір мыңнан астам компьютерді сатып алуға бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Қазір 5 оқушыға 1 компьютерден келіп отыр. Облысымыздың 26 мектебінде IT-технология енгізу үшін 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап робототехника курсы өткізіледі, 107 робот жиынтығы сатып алынып, 1500 оқушы қамтылды.

Үштілділік білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін облысымыздың 148 педагогі физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша курстардан өтті. Оның ішінде 40 оқытушы – Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі ұйымдастырған курстарда, 8 мұғалім Гонконг және Сеул (Корея) қалаларында мамандандырудан өтті.

2017 жылы елімізде Мемлекет басшысының “Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске асырыла бастайды.

Облыста 12 мыңнан астам адам білім алатын 27 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымы жұмыс істейді.

2016 жылы 3632 түлек оқу бітірді. Оның ішінде 2376-сы мемлекеттік тапсырыс аясында оқыды. Түлектердің барлығы жұмысқа орналастырылды.

Облыстың 15 колледжінде 2475 студент 24 мамандық бойынша дуалдық оқыту жүйесімен білім алуда. Үш кәсіпорында (“ПЗТМ” АҚ, “Мұнаймаш” АҚ және СҚО бойынша “Қазтелерадио” АҚ-ның филиалы) оқу кабинеттері құрылған.

2016 жылы ғимараттардан 53 қазандық (2015 жылы – 48) шығарылды. Биыл қалған 60 қазандық шығарылатын болады.

Білім беру саласының 69 нысанына 1,2 миллиард теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (2015 жылы – 557,8 млн. теңге сомаға 30 нысан).

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласының жұмысы, ең алдымен, тұрғындардың өлім-жітімі мен мүгедектігіне әкелетін негізгі себептердің алдын алуға бағытталған. Өткен жылдың басынан Қазақстан Республикасында 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік “Денсаулық” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, дамытуға және денсаулық сақтау мәселелеріндегі проблемаларын шешуге бағдарланған.

2016 жылы солтүстікқазақстандық дәрігерлердің кәсіби жұмысының басты нәтижесі саланың негізгі көрсеткіштерін жақсарту болып табылды. Өткен жылы сәбилердің шетінеуі – 7,8 пайызға, туберкулезбен ауырғандар көрсеткіші – 2,5 пайызға, осы сырқат салдарынан көз жұмғандар саны – 5,1 пайызға, онкологиялық аурудан қайтыс болғандар 11,4 пайызға кеміді. Туберкулезден көз жұмған ана мен бала оқиғасы тіркелген жоқ.

Онкологиялық скринингтің алты түрі енген Ұлттық скринингтік бағдарлама жұмысы тиімділігін көрсетті. Ол онкологиялық ауруға шалдыққандардың 67 пайызына дейінін ерте анықтауға мүмкіндік берді.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 20,4 пайызға артып, 25,4 млрд. теңгеге жетті (оның ішінде 7,4 млрд. теңге – жергілікті бюджеттен, 18 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылды).

2016 жылы медициналық ұйымдарды жөндеу мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд. теңге бөлінді. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен 9 жоба бойынша күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 15 нысан жөндеуден өтті. 43 бірлік медициналық жабдық, 9 автокөлік, 9 су жылытатын қазандық, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктті және Новоникольское ауылында дәрігерлік амбулаторияны орналастыратын ғимараттар сатып алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасының денсаулықты дамыту мемлекеттік “Денсаулық” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2017 жылы ана өлімінің алдын алып, бала шетінеуін кеміту, қан айналымы жүйесі, онкологиялық, туберкулез аурулары мен жарақаттардан өлім-жітімді азайту денсаулық сақтау саласының басым міндеттері болып қала бермек.

Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет қаражаты (360,9 млн. теңге) есебінен “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба бойынша (132,2 млн. теңге) күрделі жөндеулер жүргізіледі.

Жергілікті бюджет қаржысына (1304,3 млн. теңге) 108 бірлік медициналық қондырғылар және 26 автокөлік сатып алу жоспарланған. Тағы 2 бірлік жабдықты республикалық бюджет қаржысы (515,0 млн. теңге) есебінен алу көзделген.

Шекаралық ынтымақтастық

Облыс алыс және жақын шетелдердің 70-тен астам елімен ынтымақтастық орнатқан. Соның ішінде Ресей Федерациясы негізгі сауда-экономикалық әріптес болып табылады. Ресеймен тауар айналымының үлесі жалпы көлемнің 60 пайыздайына тең.

Облысымыз Ресейдің үш өңірімен – Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шектеседі. Олармен тығыз сауда-экономикалық және мәдени байланыс орнатылған. 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында облыстың Ресей Федерациясымен сауда айналымы 246,7 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт 32,0 АҚШ долларын құрап, 2,9 пайызға ұлғайды. Импорт 1,6 есе – 214,7 млн. АҚШ долларына кеміді.

Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Ресей Федерациясының өндірістік кәсіпорындарымен белсенді іскерлік байланыс орнатқан. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Казмясопродукт”, “Радуга”, “Петропавловск-Кондитер”, “Vizavi company”, “Богатырский продукт”, “Молпродукт”, “Тайынша астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және басқа да кәсіпорындар Қорған, Омбы, Түмен облыстарына өздерінің тамақ өнімдерін жеткізе бастады.

Бірқатар инвестор фирмалар мен дербес агроқұрылымдар егіс машиналарын, топырақ өңдейтін жабдықтар, тізбекті тырма және басқа техникаларды алу бойынша Омбы қаласының зауыттарымен жұмыс істейді. Ресейден дәнді және майлы дақылдардың тұқымдары, сонымен қатар асылтұқымды ірі қара әкелінеді. Ынтымақтастықты дамыту мақсатында ресми сапарлар, сауда-экономикалық миссиялар, іскерлік кездесулер жүйелі түрде жүргізіледі.

Мәдениет

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы облыста тұрғындардың көпшілігінің қатысуымен 12 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. “Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік”, “Ауылдың үздік мәдени мекемесі – 2016”, “Солтүстік Қазақстан облысының үздік медиатекасы”, “Үздік мұрағаттық мекеме”, “Облыстың үздік мұражайы”, “Үздік мұрағатшы”, “Үздік кітапханашы” атты облыстық байқау-конкурстары өтті. Жеңімпаздарға алғаш рет жалпы құны 13,9 млн. теңгеден астам соманың ақшалай сертификаттары табысталды.

Белгілі жерлестеріміз Сәбит Мұқановтың, Иван Шуховтың, Ермек Серкебаевтың, Герольд Бельгердің, Есім Шайкиннің мерейтойларына арналған шаралар өткізілді.

Облыстың театр-концерттік ұйымдары шалғай аудандардағы елді мекендерге 45 рет гастрольдық сапарға шықты. Спектакльдер көрсетіп, концерттер мен көрмелер ұйымдастырып, қайырымдылық шараларын өткізді. Облыс театрлары 447 спектакль көрсетті, соның ішінде жиырмасы қазақ, орыс және шетел классиктерінің шығармалары бойынша дайындалған жаңа қойылымдар болды (Н.Погодин театры – 8, С. Мұқанов театры – 8, қуыршақ театры – 4).

Театрлардың Астана, Көкшетау, Өскемен, Семей, Ақтөбе, Павлодар, Ақтау қалаларына гастрольдары сәтті өтті. Сондай-ақ, шығармашылық ұжымдар республикалық байқауларда және Словения мен Хорватияда, Ресей Федерациясының Новосібір, Санкт-Петербург, Омбы, Уфа және Германияның Франфуркт қалаларында өткен халықаралық конкурстар мен фестивальдарда облыс намысын лайықты қорғады. “Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан” республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы Мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті.

2016 жылы облыстық бюджет есебінен Жастар сарайына күрделі жөндеу, тарихи-өлкетану мұражайының “Тәуелсіздік жылдарындағы Солтүстік Қазақстан облысының тарихы” және “Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы мен қалыптасуына” арналған екі залына реэкспозиция жасалып, мұражай ғимаратының ішіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Бейнелеу өнері мұражайында республикалық бюджет есебінен қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары жүзеге асты. Николай Погодин атындағы орыс драма театрының 130-шы маусымына орай онда облыстық бюджет есебінен театр тарихы мұражайы ашылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханасында жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін Сәбит Мұқановтың және жаңа жәдігерлермен толыққан сирек кездесетін кітаптар мұражайлары ашылды.

2016 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 12 мәдениет нысанын жөндеуге 308,1 млн. теңге бөлінді.

2017 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қазіргі ғимаратына ыңғайластырылған 500 орындық көрермендер залының құрылысы басталады. Бүгінгі күні оның жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жаңа ғимаратты 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Біздің өңір алғашқылардың бірі болып мәдениет күндері эстафетасын өткізуді қолға алды. Солтүстік Қазақстан облысының Шығыс Қазақстандағы мәдениет күндері Семей, Өскемен қалаларында табысты өтті. Өз кезегінде шығысқазақстандықтар да біздің өңірде өз өнерлерін көрсетті. Мәдениет күндері аясында Шығыс Қазақстаннан келген меймандар теріскейліктердің назарына екі спектакль ұсынып, көрме ұйымдастырды. Шығыстан келген өнерпаздар біздің облысқа сапарын “Алтын Алтай” галаконцертімен түйіндеді.

Спорт

Өңірде 170 мыңнан астам адам немесе жалпы халық санының 30 пайызы дене шынықтыру және спортпен айналысады. Бұл жөнінде біз республика бойынша алдыңғы орындардың біріндеміз. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге, ең алдымен, жаңа спорт нысандарын салу және барларын қалпына келтіру жұмыстары мүмкіндік туғызды. Петропавл қаласында мұз айдыны және жеңіл атлетика манежі бар заманауи Спорт сарайы жұмыс істейді.

2016 жылы спорт саласы 2,6 миллиард теңгеге қаржыландырылса, бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,1 миллиард теңгеге артық.

Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында спорттың хоккей, футбол, баскетбол түрлері жандануда. 2016 жылы “Қызылжар СК” футбол клубы Бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің, ал “Барыс” баскетбол клубы Жоғары лиганың ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегерлері атанса, 2015 жылы құрылған “Құлагер” хоккей командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды.

Балалар мен жеткіншектерді дене шынықтыру мен спортқа көптеп тарту мақсатында облыс аумағында балалар мен жасөспірімдердің 26 спорт мектебі, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, жеті – спорт клубы, жоғары спорттық шеберлік мектебі (ЖСШМ), Олимпиада резервін даярлау орталығы, он бір балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы және 23 аулалық клуб жұмыс істейді.

2016 жылы Айыртау ауданындағы Саумалкөл мен Есіл ауданындағы Заградовка ауылдарында екі жабық хоккей қорапшасы қолданысқа берілді.

Қысқы спорт маусымы басталғаннан бері 27 мұз айдыны мен 404 хоккей қорапшасы құйылды, оның 25-і аудандарда қосымша салынды.

Облыстың 12 ауданында және Петропавл қаласында көше тренажерінің 25 кешені салынды. Облыс орталығы мен алты ауданда күштік гимнастика жаттығуларына арналған 10 “Streetworkout” алаңы құрылды.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Володарское, Урожайное ауылдарында екі спорттық нысан орнатылды. Облыс аудандарында 15 спорт алаңы жабдықталды, 8 баскетбол және 7 волейбол, жасанды жамылғысы бар 18 шағын футбол алаңы ашылды.

Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында және Сергеевка қаласында (“ТНС-2020” ЖШС) дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залдарының қолданысқа берілуі есебінен спорт алаңының жетіспеушілігі 867 шаршы метрге қысқарды (2016 жылы – 14762 шаршы метр, 2015 жылы – 15629 шаршы метр).

Спорт имараттары жүйесін кеңейту бойынша жұмыстар 2017 жылы жалғасын табады.

Жыл басында Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында жүргізілуде. Мұндай кешенді Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында салу жоспарланып отыр. 2017 жылдың жоспарына Петропавл қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша 1200 орындық әмбебап теннис орталығының құрылысын бастау енгізілген.

Ақжар ауданының Талшық ауылында жылы шешінетін бөлмесі мен 50 орындық көрермендер трибунасы бар 30х60 метрлік жабық хоккей қорапшасының құрылысын аяқтау жоспарланса, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жабық хоккей қорапшасының құрылысы басталады.

2017 жылы Петропавл қаласындағы “Қарасай” орталық стадионында футбол алаңын жасанды төселімге ауыстырумен қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, “Жастар” стадионына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде футбол манежі орнатылады. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы 1500 орындық стадион қайта жөнделеді, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 200 орындық үш стадионның құрылысы, жасанды жамылғысы бар 9 шағын футбол алаңы (оның 5-еуі – Петропавл қаласында, 4-еуі – Қызылжар ауданында), Петропавл қаласында жарақаттандырмайтын жамылғысы бар көпбейінді алаң, Жамбыл ауданында бір көше тренажерлік кешені, Қызылжар ауданында бір “Streetworkout” алаңы салынады.

2016 жылдың басынан бері 302 мың адамды қамтыған 1329 спорттық шара өткізілді. Соның ішінде облыстық “Ақ бидай” жазғы спорттық және “Север” қысқы спорттық мерекелері, облыстық Денсаулық күндері, “Алтын шайба” шайбалы хоккей турнирі ұйымдастырылды.

Есепті кезеңде республикалық және халықаралық спорт жарыстарынан солтүстікқазақстандықтар 540 медаль әкелді, оның 361-і спорттың олимпиадалық түрлері бойынша. Рио-де-Жанейродағы 31-ші Олимпиада ойындарына бес солтүстікқазақстандық қатысты.

Республикалық және халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 100 спортшыға ай сайын шәкіртақы төленеді.

Құрметті жерлестер!

Солтүстік Қазақстан облысының 2016 жылғы даму қорытындысы осындай.

Мемлекет басшысы үстіміздегі жылы біздің алдымызға жаңа ауқымды міндеттер қойды. Мемлекеттік және салалық барлық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасады.

Солтүстік Қазақстан облысы елімізді өркендетуге бағытталған мақсаттарды жүзеге асыруға өзінің сүбелі үлесін қосатынына сенімдімін!

Мақаланың шыққан күні: 22.06.2016 12:17
Парақтағы соңғы өзгерістер: 02.05.2017 12:24
Сұрақ қою Өмiрбаян Сөз сөйлеулер

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Іргебайұлы Ақсақалов

Маусым 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Әкімнің блогы
МО басшыларына сұрақ қою
Халықтық бақылау

Біздің аймақтағы тұрмыстың қай саласы өзінің дамуына мұқтаж?

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыҚазақстан Республикасының Премьер-Министрі Официальный ресурсАссамблея народов КазахстанаСтратегия Казахстан 2050Дорожная карта«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»EXPOҚазақстан Республикасы Жоғарғы СотыҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіҚазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынадыҚазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің деректер базасыtrade.gov.kzӘкімдіктің электрондық қызметтеріortcom.kzАлтын сапаМодернизация пенсионной системыЦели 2017Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіЗащита бизнеса СКОЦентр оценки эффективности деятельности государственных органов Республики Казахстан  Зимняя Универсиада – 2017ҚР инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетіҚазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығыСот кабинеті«Қазақстан — ұлы дала елі»Национальная палата предпринимателей Республики Казахстан — «Атамекен»«Жұмыс»БжЗқ зейнетақы қорыkazakhstan.travelwww.business.gov.kzIfk.kzказконтентДоступное жильё 2020www.kdb.kzҚазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығыGalam TV Ұлттық телерадио хабарларын таратуТелерадиохабар тарату саласындағы ұлттық операторыБәсекеге кабілеттілік жөніндегі кеңесҚазақстан-Петропавл«ШАПАҒАТ» республикалық форумыҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы
ТИЦ

@2017 Солтүстiк Қазақстан облысының ресми интернет-ресурсы